Өзбек билігі өзі мемлекеттік деңгейде аста-төк шаралар мен концерттерді өткізіп, қарапайым халықты той жасауда үнемшіл болуға шақырып отыр. Бұл – президент Мирзияев тұсындағы тойларды реттеуге бағытталған үшінші талпыныс.
Бүгінде әлеуметтік желіде салтанатты өзбек тойларында түсірілген суреттер өте көп. Онда үстелге жайылған жеңсік тағамдар әрең сыйып тұрғанын байқауға болады.
Жуырда Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев мұндай салтанаттарды реттеуге тағы да бекінді. 21 сәуір күні ол "Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі бірінші кезектегі міндеттерді іске асыруды тиімді ұйымдастыру шаралары туралы" жарлыққа қол қойды.
Құжатқа қарағанда, тамызға дейін парламент палаталарының іс-шараларды реттеу жөніндегі ортақ қаулысының жобасы дайын болуы керек. Оның ішінде жастар арасында үнемшілдік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған жаңа тетіктер қарастырылған.
Өзбекстан той өткізуді осыған дейін реттемек болған.
2018 жылғы наурызда осы мақсаттағы құжаттың жобасы жарияланған. Бірақ бұл құжат қабылданбады. Сенат халық пікірін ескере отырып, той өткізуге және өзге отбасылық салтанаттарға шектеу қоймаймыз деді.
Мирзияевтің өзі аста-төк тойларды бірталай мәрте сынға алған. 2017 жылғы тамызда шығармашылық саласының өкілдерімен кездесуде ол: "Тойға және өзге де шараларға кетіп жатқан шығындар мыңдаған отбасының экономикалық ахуалына ғана емес, олардың бүкіл өміріне теріс әсер етіп жатыр" деген.
2018 жылғы наурызда өткен видеоконференция кезінде Мирзияев шенеуніктерге даңғаза үйлену тойларға баруға тыйым салды.
"Барлығында бірдей, қарапайым үйлену тойы болсын. Прокурор бола ма, салық инспекторы бола ма, әкім немесе шекарашы бола ма, қандай да бір басшы белгіленген нормадан артық кетсе, сол күні-ақ қамаймын. Министрде немесе вице-премьерде 500 адамға арналған аста-төк үйлену тойына ақша қайдан болсын? Мұның түбінде ұрлық жатыр. Егер ашып қарасақ, мұның ұрлық екені анықталады" деді ол.
2020 жылы парламент үйлену тойлары мен өзге де отбасылық салтанаттар (жерлеу рәсімінен өзге) бір күн ішінде таңғы 6-дан кешкі 11-ге дейін өтуге тиіс дейтін тәртіп енгізді. Салтанат кезінде қонақ саны 200-ден аспауы керек. Егер палау таратылатын болса, онда қонақ саны 250-ден аспауы қажет. Қосарланған үйлену тойында осы тәртіппен 250 және 300 қонаққа дейін шақыруға болады. Кешкі 11-ден кейін ешқандай салтанатты жиын өткізуге болмайды.
2020 жылы наурызда Өзбекстанда үйлену тойын және өзге де отбасылық салтанаттар өткізу тәртібін бұзғандарға жауапкершілік енгізілді. Әкімшілік жауапкершілік туралы кодекстің 192-1-бабы бойынша, үйлену тойын, отбасылық салтанат және өзге рәсімдерді өткізушілер осы тәртіпті бұзған жағдайда 10 базалық есептік көрсеткіш (3,75 млн сом немесе 300 доллар) көлемінде айыппұл арқалайды. Ал қызметтегі адам үшін және жиын өтетін жерлердің иелері үшін бұл айыппұл 30 БЕК (11,25 млн сом немесе 865 доллар) көлемінде болмақ. Тәртіп екінші рет бұзылса, 50 БЕК (18,75 млн сом немесе 1400 доллар) айыппұл салынады.
Бұл заң іс жүзінде жемісті бола алмады. Елде дүркіретіп той өткізуге тыйым салынған соң, әлеуметтік желіде Өзбекстан қаржы министрі Жамшид Кучкаровтың қызы мен мәдениет министрі Озодбек Назарбековтың тойында түсірілген видео тарады.
Аталған әкімшілік бап бойынша қозғалған істердің саны өте аз. Сот шешімдерін талдаған Gazeta.uz басылымы жыл басынан бері бар-жоғы төрт қана іс қозғалғанын, ал 2024 жылы 9, 2023 жылы 4, 2021 жылы 15 іс қана тіркелгенін анықтаған. 2022 және 2020 жылдары ешбір іс тіркелмеген.
Кейбір адамдар Өзбекстанда жұртты қинап жатқаны отбасылық салтанаттар емес дейді.
"Адамдардың экономикалық ахуалы бағаның тоқтаусыз өсуінен қиындап жатыр. Газ, электр энергиясы және метан бағасының артуы тасымал және логистика шығынын арттырып отыр. Интернетте екі-үш қымбат тойлардың суреті жарияланса, бірден шу көтереді. Мен қышлақта тұрамын, біздегі тойлар қарапайым. Тек туыстар мен жақын адамдарды ғана шақырады. Көп адамды шақыра да алмайды, өйткені оған жағдай жоқ. Үстелге ең арзан азық-түлік қояды. Егер қымбат тойлар үшін жазалағысы келсе, әуелі қаржы министрі Жамшид Кучкаров пен өзге шенеуніктерді жазаласын" дейді Бұқарадағы кәсіпкер Хуршид Турсунов.
Отбасылардың шығынын азайтамыз деп үйлену тойларын реттеудің екінші жағын атап өтіп жатқандар да бар. Өзбекстанда бұл салада мыңдаған адам жұмыс істейді. Олар жұмыссыз, табыссыз қалуы мүмкін.
"Мұның бәрін мұқият зерделеу керек. Осы салтанатты тойлар арқылы көптеген адам нәпақа тауып, отбасын асырап жүр. Мысалы, Самарқандта өте ірі банкет залдары бар. Онда жүздеген адам жұмыс істейді. Үйлену тойында қызмет ететін кортеждер, түрлі топтар азайса, бұл кәсіпорындар өледі" дейді Самарқанд тұрғыны Жамшид Тожиев.
Мемлекет даңғаза тойларды реттеуге осымен үшінші рет талпынып отыр. Президент жарлығына қарағанда, негізгі жоба тамызға дейін дайын болуы керек, басқа дерек белгісіз.
Өзбекстанның көршісі Тәжікстанда үйлену тойын өткізу тәртібін реттейтін ережелер енгізілгеніне 10 жылдан асты. Жергілікті билікті ескертпей той өткізгендер не салтанат кезінде ақша шашқандар шамамен 50 доллар айыппұл арқалайды. Тойға шақырылған адам саны асып кетсе немесе той ұзақ болып кетсе, 70-1230 доллар аралығында айыппұл салынады. Шенеуніктерге салынатын айыппұл екі есе көп.
ПІКІРЛЕР